Atomic Industry Development Association

Қазақстан мен Түркия атом өнеркәсібін дамыту үшін күш біріктіруде

Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы (AIDA)  Түркияның атом өнеркәсіп қауымдастығымен (NIATR) 2025 жылдың 9 қаңтарында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
 

Түрік тарапы, «Аккую» АЭС жобасын табысты іске асыру тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанға өндірісті жергіліктендіру және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша құнды білімдер мен тәжірибелер ұсынады.

«Аккую» жобасы аясында 400-ден астам түрік компаниялары құрылыс қызметтерін, жабдықтар мен материалдарды жеткізуді қамтамасыз етті. Жергілікті келісімшарттардың жалпы сомасы $3 миллиардтан асты.

© Фото: AKKUYU NÜKLEER A.Ş. Түркиядағы "Аккую" АЭС құрылысы.

Қол қойылған меморандум келесі негізгі ынтымақтастық бағыттарын қамтиды:

  • Білім және тәжірибе алмасу: бейбіт атом энергиясын қолдануды ілгерілету мақсатында семинарлар, воркшоптар, студенттерге арналған дәрістер, форумдар және тәжірибелік сабақтарды ұйымдастыру.
  • Бірлескен жобалар: Қазақстан, Түркия және көршілес аймақтардағы атом өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін перспективалық жобаларды анықтау және жүзеге асыру.
  • Тәжірибені ілгерілету: әр тараптың жетістіктері мен қызметтерін ұлттық және халықаралық деңгейде белсенді түрде таныстырып, серіктес елдердің ядролық саладағы беделін нығайту.
  • Мамандар алмасу: білім беру сапасын және ядролық энергетика саласындағы практикалық дағдыларды арттыру мақсатында тәжірибе алмасу және мамандарды кәсіби даярлау арқылы кадрлық әлеуетті дамыту.

Бұл серіктестік Түркия мен Қазақстан арасындағы тұрақты энергетикалық шешімдерді ілгерілету және атом саласын дамыту үшін маңызды платформа болмақ.