Atomic Industry Development Association

AIDA «Nuclear Horizons» конференциясына қатысып, шағын модульді реакторларды енгізу мәселесін талқылады

22 қараша, 2024

Атом өнеркәсібін дамыту қауымдастығы (AIDA) 22 қараша күні Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Nuclear Horizons: SMR Deployment and Integrated Energy Systems конференциясына қатысты. Бұл шараны New Nuclear Watch Institute (NNWI) ұйымдастырды.

Конференцияда шағын модульді реакторларды (ШМР) тұрақты энергия жүйелеріне интеграциялау, технологиялық инновациялар мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан мен Өзбекстанның негізгі ұйымдарының өкілдері қатысты. Қазақстан тарапынан конференцияға Энергетика министрлігі, Қазақстандық атом электр станциялары, AIDA, Энергетиктер одағы, Атом энергиясы институты, Қазақстанның энергиямен жабдықтау ұйымдары қауымдастығы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысты. Өзбекстан тарапынан УзАтом, Өзбекстан энергетиктер ұлттық қауымдастығы және Chapter Zero Uzbekistan ұйымдарының өкілдері қатысты.

Конференция барысында AIDA төрағасы Алдияр Тоқтаров «Ядролық технологияларды дамыту арқылы Орталық Азияның ортақ энергетикалық болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Ол Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, ядролық технологиялардың өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына қосатын үлесіне тоқталды.

Қатысушылар шағын модульді реакторлардың энергожүйелерді трансформациялаудағы негізгі рөлін және ядролық энергетиканы дамытуда бірлескен күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті.


AIDA бұл маңызды шараны ұйымдастырған NNWI ұйымына алғыс білдіреді және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әріптестікті нығайтуға ықпал еткені үшін ризашылығын жеткізеді. Ортақ күш-жігерімізбен тұрақты және интеграцияланған энергетикалық болашақты құра аламыз.

AIDA жаңалықтарын бақылап отырыңыз, ядролық энергетика саласындағы соңғы жетістіктерден хабардар болыңыз!